Интернет арқылы тауарды сатып алу-сату жөніндегі жария оферта

Жарғы негізінде әрекет ететін директор Ибраев Алмас Камзинович атынан «QazCoffee» ЖШС-нің (бұдан әрі — Сатушы) осы ұсынысы жария оферта болып табылады. Заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелген күні: 2024 жылғы 05 тамыз; бизнес-сәйкестендіру нөмірі: 240840004377; орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, A15E2P8, Алматы қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 17-ғимарат, №1 пәтер; пошталық мекенжайы: Қазақстан Республикасы, A15E2P8, Алматы қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 17, 4Б корпусы, 2-қабат, №203 кеңсе; электрондық пошта: info@helmutsachers.kz; IBAN (ЖСК): KZ63722S000039168957; БСК: CASPKZKA, «Kaspi Bank» АҚ; БеК: 17. Осы оферта бойынша Сатушы үн қатқан кез келген тұлғаға электрондық байланыс құралдары арқылы сатылатын Тауарларды ұсыныста көрсетілген талаптармен сатып алу-сату шартын жасасуды ұсынады. Ұсыныс барлық елеулі талаптарды, яғни заңнамада елеулі деп танылған немесе сатып алу-сату шарты үшін қажетті талаптарды, сондай-ақ Сатушының мәлімдеуі бойынша келісімге қол жеткізілуге тиіс талаптарды қамтиды.

1. ОСЫ ЖАРИЯ ОФЕРТАДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ҰҒЫМДАР МЕН ТЕРМИНДЕР
1.1. Тауар — ақпараттық технологиялар қолданылып, Қазақстан Республикасы аумағында кәмелетке толған, әрекетке қабілетті жеке тұлғаларға және заңды тұлғаларға сатылатын тауар(лар).
1.2. Оферта-шарт — Сатушы үн қатқан кез келген тұлғаға жасайтын және барлық елеулі талаптарды қамтитын осы ұсыныс. Ұсыныс заңнамада елеулі деп танылған немесе Тауарды(ларды) сатып алу-сату үшін қажетті барлық талаптарды, сондай-ақ Сатушының мәлімдеуі бойынша келісімге қол жеткізілуге тиіс талаптарды қамтиды.
1.3. Акцепт — Сатып алушының жауабы немесе Оферта-шарт талаптарын толық әрі сөзсіз қабылдағанын білдіретін, Оферта-шартта айқындалған әрекеттерді жасауы.
1.4. Ақпараттық технология — ақпаратты жинауды, жасауды, сақтауды, жинақтауды, өңдеуді, іздеуді, шығаруды, көшіруді, беруді және таратуды қамтамасыз ететін технологиялық кешенге біріктірілген әдістердің, өндірістік процестердің және бағдарламалық-техникалық құралдардың жиынтығы.
1.5. Сайт — Сатушының helmutsachers.kz интернет-ресурсы, яғни бірегей желілік мекенжайы және (немесе) домендік атауы бар, Интернетте жұмыс істейтін аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылған мәтіндік, графикалық, аудиовизуалды немесе өзге нысандағы ақпарат.
1.6. Келуші — тіркелу немесе Тапсырыс орналастыру мақсатынсыз Сайтқа кірген тұлға.
1.7. Сатып алушы — Сатушының Оферта-шартына Акцепт жасаған тұлға.
1.8. Тапсырыс — Оферта-шарт талаптарына сәйкес ресімделген, Сатып алушы Сайтта өзі орналастырған Тауарды немесе Тауарлар тізбесін сатып алуға өтінім.
1.9. Тараптар — Оферта-шарттың тараптары болып табылатын Сатушы мен Сатып алушы бірге.
1.10. Дербес деректер — белгілі бір жеке тұлғаға қатысты, электрондық, қағаз және (немесе) өзге материалдық жеткізгіште тіркелген, Оферта-шартта реттелетін мәліметтер.
1.11. Дербес деректерді жинау — Дербес деректерді алуға бағытталған әрекеттер.
1.12. Дербес деректерді өңдеу — Дербес деректерді жинақтауға, сақтауға, өзгертуге, толықтыруға, пайдалануға, таратуға, иесіздендіруге, бұғаттауға және жоюға бағытталған әрекеттер.
1.13. Үшінші тұлғалар — қазіргі уақытта немесе болашақта Сатып алушының Дербес деректерін жинау, өңдеу және қорғау жөніндегі мән-жайлармен немесе құқықтық қатынастармен Сатушымен байланысты тұлғалар.
1.14. Қолдау қызметінің байланыс деректері — Сатып алушыға мына тәсілдердің кез келгенімен қолдау көрсетіледі: электрондық пошта: info@helmutsachers.kz; WhatsApp: +77776356868; Instagram Direct: helmutsachersqazaqstan.

2. ОФЕРТА-ШАРТТЫҢ НЫСАНАСЫ
2.1. Оферта-шарт жасасу ұсынысымен Сатушы Сатып алушыға Тауардың жаңа екенін, меншік құқығымен Сатушыға тиесілі екенін, Оферта-шарт жасалған сәтте оған қатысты үшінші тұлғалардың құқықтары және (немесе) ауыртпалықтары жоқ екенін растайды және кепілдік береді. Атап айтқанда, Тауарды иеліктен шығаруға тыйым салынбаған, оған тыйым салу шарасы қолданылмаған, ол кепілдің немесе үшінші тұлғалар алдындағы міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етудің өзге тәсілдерінің нысанасы емес; Тауарға қатысты құқықтық талаптар жоқ; заңнама талаптарына сәйкес Тауар айналымнан алынбаған және айналымы шектелмеген, Қазақстан Республикасының аумағында сатуға тыйым салынған тауар болып табылмайды.
2.2. Акцепт жасау тәртібі — Сатып алушы төмендегі әрекеттердің кез келгенін жасаған сәттен бастап Сатушының ұсынысы қабылданған болып есептеледі:
2.2.1. Оферта-шартта көрсетілген тәртіппен және талаптармен Тауардың ақысын төлеу;
2.2.2. Оферта-шарттың қабылданғанын білдіретін әрекеттер жасау, атап айтқанда Сайт бетіндегі тиісті өріске белгі қою;
2.2.3. Тапсырысты ресімдеу.
2.3. Сатып алушы жоғарыда сипатталған тәртіппен Акцепт жасағанда:
2.3.1. Сатып алушы Сатушының ұсынысымен танысып, келісіп, оны қабылдаған;
2.3.2. Сатушы Акцептті алған;
2.3.3. Оферта-шарт жасалған, екі тараптың қол қоюын талап етпейтін және электрондық түрде жарамды;
2.3.4. мәміленің жазбаша нысаны сақталған болып есептеледі.

3. САЙТ АРҚЫЛЫ ТАУАРДЫ САТУ ЖӘНЕ САТЫП АЛУ ТАЛАПТАРЫ
3.1. Осы тауарды сату және сатып алу тәртібі интернет-дүкен (бұдан әрі — «Сайт») арқылы тапсырысты ресімдеу және төлеу процесін реттейді және Оферта-шарттың ажырамас бөлігі болып табылады.
3.2. Сайтта тапсырысты ресімдеу Сатып алушының осы Тәртіп талаптарына толық әрі сөзсіз келісетінін білдіреді.
3.3. Сайтты пайдалану ережелері helmutsachers.kz/rules мекенжайындағы «Сайтты пайдалану ережелері» бөлімінде берілген. Оларды орындау Сатып алушы үшін міндетті.
3.4. Сатылатын Тауарлар Сайтта ұсынылған.
3.5. Тауардың сипатына қарай оны ыдыста және (немесе) қаптамада беру қажет болса, Сатушы Тауарды заңнама талаптарына және жеткізілетін Тауардың сипатына сәйкес келетін, тасымалдау және (немесе) сақтау кезінде сақталуын қамтамасыз ететін ыдыста және (немесе) қаптамада беруге міндетті. Ыдыс және (немесе) қаптама көп айналымды болып табылмайды және Сатушыға қайтарылмайды. Оның құны Тауар бағасына енгізілген.
3.6. Тапсырысты ресімдеу үшін Сатып алушы Сайтта ұсынылған тауарды таңдап, себетке қосады. Тапсырысқа дейін Сатып алушы тауардың сипаттамасымен, ерекшеліктерімен, бағасымен және жеткізу талаптарымен танысуға міндетті. Тауарларды таңдағаннан кейін «Себет» бөліміне өтіп, тапсырыс құрамын тексереді.
3.7. Тапсырысты ресімдеу үшін міндетті өрістер толтырылады: байланыс деректері (аты-жөні, телефон, e-mail); жеткізу мекенжайы (қажет болса); жеткізу және оның ақысын төлеу талаптарына келісім; төлем тәсілін таңдау; қосымша түсініктемелер (қажет болса). Деректерді енгізгеннен кейін Сатып алушы оферта талаптарына келісімін растап, «Тапсырысты ресімдеу» түймесін басады. Ресімдеуден кейін тапсырыстың өңдеуге қабылданғанын растайтын электрондық хабарлама алады.
3.8. Ұсынылған деректердің дұрыстығына Сатып алушы жауапты.
3.9. Тапсырыс Сайттағы төлем жүйесі арқылы банк картасымен немесе Сатушымен алдын ала келісілген өзге тәсілмен төленеді. Қолма-қол ақшасыз төлем кезінде тапсырыс төлем сәтті жүргізіліп, банк растағаннан кейін төленген болып есептеледі.
3.10. Тапсырыстың төленгенін растайтын қаржылық құжаттарды (қолма-қол ақшасыз есеп айырысу кезіндегі фискалдық чекті қоса алғанда) төлем жүйесі (эквайер-банк) қолданыстағы заңнамаға және тиісті төлем жүйесі белгілеген төлемдерді өңдеу ережелеріне сәйкес қалыптастырады және ұсынады.
3.11. Тапсырыс ресімделгеннен кейін Сатушы тауардың бар-жоғын тексеріп, жөнелтуге дайындайды. Тауар болмаса, Сатып алушыға хабарлап, ауыстыруды немесе қаражатты қайтаруды ұсынады. Тапсырыс жинақталғаннан кейін Сатып алушы оның жеткізуге берілгені туралы хабарлама алады.
3.12. Оферта-шартты орындау шеңберінде Сатып алушы шектеусіз Тапсырыс ресімдей алады. Белгілі бір Тапсырыстың орындалуы Оферта-шарттың қолданылуын тоқтатпайды.

4. ТАУАРДЫ ҚАБЫЛДАУ-БЕРУ, ЖЕТКІЗУ ЖӘНЕ ҚАЙТАРУ ТАЛАПТАРЫ
4.1. Тауарды(ларды) беру мерзімдері мен талаптары helmutsachers.kz сайтындағы «Төлем және жеткізу» бөлімінде көрсетілген.
4.2. Жеткізу талаптары мен құны Сайттың «Төлем және жеткізу» бөлімінде берілген. Алматыда тапсырыс сомасы 25 000 ₸-ден бастап болғанда Сатушы жеткізу құнының 3 000 ₸-ге дейінгі бөлігін төлейді, ал одан асқан бөлігін Сатып алушы төлейді. Тапсырыс сомасы 25 000 ₸-ден аз болса, жеткізуді Сатып алушы жеткізу қызметінің нақты тарифі бойынша төлейді. Қала маңына және Алматыдан тыс жерлерге жеткізу бөлек келісіледі. Астанада жеткізу тегін.
4.2.1. Қалааралық тапсырыстарды пошта арқылы жеткізу ақылы. Пошта қызметінің құнын Сатушы тапсырыс қалыптасқаннан кейін есептеп, Сатып алушыға электрондық пошта, мессенджерлер (WhatsApp, Telegram) немесе келісілген өзге тәсілмен хабарлайды. Сатып алушы ұсынылған құнға келісуге немесе тапсырысты ресімдеуден бас тартуға құқылы. Келіскен жағдайда тауар мен пошталық жеткізу құнын Сатушы ұсынған қашықтан төлеу тәсілімен төлеуге міндеттенеді.
4.2.2. Курьерлік жеткізу ақылы да, тегін де жүзеге асырылады. Ақылы болған жағдайда курьер қызметін Сатып алушы төлейді. Курьерлік жеткізу құнын Сатушы тапсырыс қалыптасқаннан кейін есептеп, Сатып алушыға электрондық пошта, мессенджерлер (WhatsApp, Telegram) немесе келісілген өзге тәсілмен хабарлайды. Сатып алушы ұсынылған құнға келісуге немесе тапсырысты ресімдеуден бас тартуға құқылы. Келіскен жағдайда тауар мен курьерлік жеткізу құнын Сатушы ұсынған қашықтан төлеу тәсілімен төлеуге міндеттенеді. Сатушы жеткізу талаптары мен құнын өзгерту құқығын сақтайды және бұл туралы сатып алу-сату шарты жасалғанға дейін Сатып алушыға хабарлайды.
4.3. Тапсырысты қабылдағанда Сатып алушы:
4.3.1. Сатушының немесе курьер қызметінің өкілі болмаған жағдайда (мысалы, постамат арқылы жеткізу кезінде), фотосуреттер мен бейнелерге геобелгі, күн және уақыт қоятын қолданбамен сыртқы қаптаманы қарау мен ашуды, Тауарды және оның жинақтылығын тексеруді үздіксіз бейнеге түсіруге;
4.3.2. қаптамада сыртқы зақымдардың бар-жоғын тексеруге;
4.3.3. Сатушының немесе курьер қызметінің өкілі қатысқанда ішіндегінің сақталуын тексеру үшін сыртқы қаптаманы ашуға, Тауардың жеке қаптамасының бүтіндігін және сыртқы зақымдардың бар-жоғын қарауға; қаптама сақталғанына, ашылу іздері мен сыртқы зақымдары жоқ екеніне көз жеткізіп, жеке қаптаманы ашып, Тауардың бар-жоғын тексеруге; Тауардың бар екеніне және механикалық зақымдары жоқ екеніне көз жеткізіп, оны өз Тапсырысымен салыстыруға;
4.3.4. қаптама мен Тауарда сыртқы зақым болмаса, Тапсырысты қабылдауға;
4.3.5. қаптамада сыртқы зақым болса, оны геобелгі, күн және уақыт қоятын қолданбамен фотоға және (немесе) бейнеге түсіруге, Тауарды қабылдаудан бас тартуға және дәлелдерді Қолдау қызметінің байланыс деректері арқылы Сатушыға 24 (жиырма төрт) сағат ішінде жіберуге міндетті. Бұл мерзім:
4.3.5.1. Тапсырысты қабылдағанда Сатушының немесе курьер қызметінің өкілі болса — Тауарды қабылдаудан бас тартқан сәттен;
4.3.5.2. мұндай өкіл болмаса — Тауарды қабылдаған сәттен есептеледі;
4.3.6. Тауар толық жинақталмаса, нақты алынған Тауарларды геобелгі, күн және уақыт қоятын қолданбамен фотоға және (немесе) бейнеге түсіріп, дәлелдерді Тауарды қабылдаған сәттен бастап 24 (жиырма төрт) сағат ішінде Қолдау қызметінің байланыс деректері арқылы Сатушыға жіберуге міндетті.
4.4. Тауар қабылданғаннан кейін ол берілген, ал Сатушы беру міндеттемесін орындаған болып есептеледі.
4.5. Тауарды қабылдаған сәттен бастап 24 (жиырма төрт) сағат ішінде Сатып алушыдан Қолдау қызметінің байланыс деректері арқылы шағым келмесе, қабылданған Тауар сапасы тиісті және жинақтылығы толық болып есептеледі.
4.6. Сатып алушы тиісті сападағы Тауар берілген сәттен бастап 14 (он төрт) күнтізбелік күн ішінде оны мөлшері, пішіні, габариті, фасоны, түсі, жинақтылығы және т.б. өзгеше ұқсас Тауарға ауыстыруға, баға айырмасы болса Сатушымен қажетті қайта есеп айырысуға құқылы. Ауыстыруға қажетті Тауар Сатушыда болмаса, Сатып алушы сатып алынған тауарды қайтарып, төленген соманы алуға құқылы. Бұл жағдайда жеткізуді Сатушы өз күшімен және қаражатымен жүзеге асырған болса, Сатып алушы оның жеткізуге жұмсаған үстеме шығындарын өтейді.
4.7. Мына Тауарлар қайтарылмайды және айырбасталмайды:
4.7.1. дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар;
4.7.2. іш киім;
4.7.3. шұлық-ұйық бұйымдары;
4.7.4. өсімдіктер;
4.7.5. метрлеп сатылатын Тауарлар: талшықтардың барлық түрлерінен жасалған маталар, трикотаж және перделік мата, жасанды тері, кілем бұйымдары, тоқыма емес материалдар, таспалар, шілтерлер, ызбалар, сымдар, баулар, кабельдер, линолеум, багет, үлдір, клеенка;
4.7.6. ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары.
4.8. Тиісті сападағы Тауар пайдаланылмаған, тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары және сатып алуды растайтын құжаты (фискалдық чек, банк шотынан үзінді) сақталған болса, қайтарылады немесе айырбасталады. Растайтын құжат жоғалған немесе қандай да бір себеппен берілмеген болса, Сатып алушы осы Сатушыдан сатып алғанын дәлелдеген жағдайда айырбастау немесе қайтару жүргізілуге тиіс.
4.9. Сапасы тиісті емес Тауар сатылған, ал кемшіліктері Сатушымен алдын ала ескертілмеген Сатып алушы өз таңдауы бойынша:
4.9.1. сатып алу бағасын мөлшерлес азайтуды;
4.9.2. тауар кемшіліктерін тегін жоюды;
4.9.3. кемшіліктерді жоюға жұмсаған шығындарын өтеуді;
4.9.4. ұқсас маркалы (модельді, артикулды) тауарға ауыстыруды;
4.9.5. сатып алу бағасын тиісті түрде қайта есептей отырып, басқа маркалы (модельді, артикулды) сондай тауарға ауыстыруды;
4.9.6. Оферта-шартты бұзуды және Тауар үшін төленген ақшаны қайтаруды талап етуге құқылы.
4.9.7. Сапасы тиісті емес тауардың Сатушысы оның өндірушісі болмаса, кемшіліктерді тегін жою, ұқсас маркалы (модельді, артикулды) тауарға немесе бағаны қайта есептей отырып басқа маркалы сондай тауарға ауыстыру талаптары Сатып алушының таңдауы бойынша Сатушыға не өндірушіге қойылуы мүмкін.
4.10. Жинақ құрамындағы Тауарлардың бір бөлігі сапасыз болса, Сатып алушы сол бөлікке қатысты сапасы тиісті емес Тауар сатылғанда көзделген құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
4.11. Сатып алушы Тауар кемшіліктерін анықтап, ауыстыруды талап еткенде, Сатушы оны дереу ауыстыруға, ал қосымша сапа тексеруі қажет болса — тиісті талап қойылған сәттен бастап 45 (қырық бес) жұмыс күні ішінде ауыстыруға міндетті.

5. ТАУАРДЫҢ БАҒАСЫ, АҚЫ ТӨЛЕУ МЕРЗІМІ МЕН ТӘРТІБІ
5.1. Сатып алушы Сайтта ұсынылған кез келген Тауарға тапсырыс бере (сатып ала) алады.
5.2. Тауар құнына ҚҚС (қосылған құн салығы) енгізілген.
5.3. Тауар Сайтта ұсынылған кез келген тәсілмен төленеді. Төлем тәсілдері helmutsachers.kz сайтындағы «Төлем және жеткізу» бөлімінде көрсетілген.

6. ДЕРБЕС ДЕРЕКТЕРДІ ЖИНАУҒА ЖӘНЕ ӨҢДЕУГЕ КЕЛІСІМ
6.1. Дербес деректерді жинау мен өңдеуге байланысты қатынастарды реттейтін заңнамаға сәйкес, Сатып алушы Оферта-шартта белгіленген тәртіппен Акцепт жасағанда Сатушыға және Үшінші тұлғаларға өзінің Дербес деректерін заңнамаға қайшы келмейтін тәсілдермен, Оферта-шартта көзделген мақсаттарда жинауға, өңдеуге және қажет болса трансшекаралық беруге сөзсіз келісім береді. Келісім Сатушының қалауы бойынша көздерге, соның ішінде жалпыға қолжетімді көздерге қатысты, Сатушымен бұрыннан бар, туындайтын немесе болашақта туындайтын кез келген азаматтық-құқықтық және (немесе) өзге құқықтық қатынастарға байланысты беріледі.
6.2. Тараптар Сатып алушының Дербес деректерін helmutsachers.kz/privacy мекенжайында орналастырылған «Пайдаланушылардың дербес деректерін қорғау туралы келісімге» сәйкес, Сатып алушыға қатысты электрондық, қағаз және (немесе) өзге материалдық жеткізгіште тіркелген мәліметтер, сондай-ақ олардың болашақтағы өзгерістері және (немесе) толықтырулары деп айқындады.
6.3. Сатушы Дербес деректерді жинауды, өңдеуді және қажет болса трансшекаралық беруді төмендегі мақсаттарда, бірақ олармен шектелмей жүзеге асырады:
6.3.1. Оферта-шартты, сондай-ақ заңнамамен Сатушыға жүктелген құқықтар мен міндеттерді тиісінше орындау;
6.3.2. Сатушының ішкі бақылауы мен есебін жүргізу;
6.3.3. тиісті мәмілелер бойынша міндеттемелер бұзылғанда немесе даулы жағдайлар, соның ішінде үшінші тұлғалармен даулар туындағанда Сатушы құқықтарын сотта және соттан тыс қорғау;
6.3.4. маркетингтік бағдарламалар, статистикалық зерттеулер жүргізу және әртүрлі байланыс құралдары арқылы Сатып алушымен тікелей байланыса отырып Тауарды ілгерілету; мұндай құралдарға пошталық тарату, электрондық пошта, телефон және (немесе) факсимильдік байланыс, Интернет және т.б. жатады, бірақ олармен шектелмейді;
6.3.5. helmutsachers.kz/privacy мекенжайындағы «Пайдаланушылардың дербес деректерін қорғау туралы келісімде» көрсетілген мақсаттар.
6.4. Сатып алушы Дербес деректерді Сатушыға ашық байланыс арналары арқылы бере отырып, оларды өзге тұлғалардың рұқсатсыз алу тәуекелін және соған байланысты салдарды түсінеді әрі өзіне қабылдайды. Ашық байланыс арналары арқылы беру кезінде өзге тұлғалардың Дербес деректерді рұқсатсыз алуына Сатушы жауап бермейді.
6.5. Осы бөлімде көзделген Дербес деректерді жинауға, өңдеуге және қажет болса трансшекаралық беруге келісім кері қайтарылуы мүмкін. Кері қайтару рәсімі мен шектеулері helmutsachers.kz/privacy мекенжайындағы «Пайдаланушылардың дербес деректерін қорғау туралы келісімде» көрсетілген.

7. ЕҢСЕРІЛМЕЙТІН КҮШ МӘН-ЖАЙЛАРЫ (ФОРС-МАЖОР)
7.1. Егер міндеттемені ішінара немесе толық орындамау не тиісінше орындамау Оферта-шарт жасалғаннан кейін туындаған, Тарап алдын ала болжай немесе болдырмай алмайтын төтенше сипаттағы еңсерілмейтін күш мән-жайларының салдары болса, Тарап жауапкершіліктен босатылады.
7.2. Мұндай мән-жайларға су тасқыны, өрт, жер сілкінісі, табиғи құбылыстар, індет, соғыс немесе әскери іс-қимылдар, сондай-ақ мемлекеттік билік немесе басқару органдарының шешімдері жатады.
7.3. Осы мән-жайлар туындағанда олардың әсеріне ұшыраған Тарап 7 (жеті) күнтізбелік күн ішінде екінші Тарапқа жазбаша хабарлауға тиіс.
7.4. Еңсерілмейтін күш мән-жайларына сілтеме жасайтын Тарап екінші Тарапқа олардың бар екенін растайтын және мүмкіндігінше Оферта-шарт міндеттемелерін орындау мүмкіндігіне әсерін бағалайтын ресми құжаттарды ұсынуға тиіс. Жалпыға мәлім еңсерілмейтін күш мән-жайлары дәлелдеуді талап етпейді.
7.5. Осындай мән-жайлардың әсеріне ұшыраған Тарап Оферта-шартта көзделген растайтын құжаттарды жібермесе, міндеттемелерді орындамау немесе тиісінше орындамау үшін жауапкершіліктен босату негізі ретінде оларға сілтеме жасау құқығынан айырылады.
7.6. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындағанда міндеттемелерді орындау мерзімі осы мән-жайлар мен олардың салдары әрекет еткен уақытқа мөлшерлес ұзартылады. Олар 30 (отыз) күнтізбелік күннен артық жалғасса, Тараптар Оферта-шартты орындаудың қолайлы баламалы тәсілдерін анықтау үшін қосымша келіссөз жүргізеді немесе Тараптардың міндеттемелері (ақшалай міндеттемелерден басқа) еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындаған сәттен бастап орындау мүмкін болмауына байланысты тоқтатылады.

8. ДАУЛАРДЫ ШЕШУ
8.1. Дауды сотқа дейін реттеу келіссөздер және талап-шағымдар қою арқылы жүргізіледі және міндетті болып табылады.
8.2. Тараптар сотқа дейін реттеудің мына міндетті тәртібін белгілейді:
8.2.1. Талап-шағым жазбаша беріледі және тиісті өкілеттігі бар тұлға қол қояды.
8.2.2. Онда талаптар, талап-шағым сомасы мен негізделген есебі (ақшалай бағалауға жатса), талаптарға негіз болатын мән-жайлар мен оларды растайтын дәлелдер, қоса берілген құжаттар мен өзге дәлелдер тізбесі және дауды реттеуге қажетті өзге мәліметтер көрсетіледі.
8.2.3. Талап-шағым алынған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде қаралып, жіберген Тарапқа нәтижесі жазбаша хабарланады. Жауапта шешімнің себептері және дауды реттеу тәртібі туралы ұсыныстар міндетті түрде көрсетіледі.
8.2.4. Қарауға қажетті құжаттар қоса берілмесе, олар талап-шағым алынған күннен бастап 7 (жеті) күнтізбелік күн ішінде жіберген Тараптан сұратылады. Сұратылған құжаттар белгіленген мерзімде алынбаса, талап-шағым қолда бар құжаттар негізінде қаралады.
8.3. Даулар Сатушының орналасқан жеріндегі сотта шешіледі.

9. ОФЕРТА-ШАРТТЫ ӨЗГЕРТУ ЖӘНЕ БҰЗУ ТӘРТІБІ
9.1. Тараптар Оферта-шарт бойынша хабарламалармен және (немесе) сұраулармен төмендегі нысандардың кез келгенінде алмаса алады:
9.1.1. қағаз жеткізгіште:
9.1.1.1. міндетті түрде тіркелетін пошта жөнелтілімімен (тапсырысты хатпен); немесе
9.1.1.2. жіберушінің хабарлама данасына алушының қолын қойдырып, қолма-қол беру арқылы;
9.1.2. қағазсыз, электрондық пошта хабарламалары арқылы:
9.1.2.1. Сатушы атынан Сатып алушымен байланыс жасалатын info@helmutsachers.kz мекенжайынан;
9.1.2.2. Сатып алушы атынан Тапсырысты ресімдеу кезінде көрсетілген мекенжайдан.
9.1.3. Электрондық пошта арқылы берілетін хабарлама және (немесе) сұрау:
9.1.3.1. тақырып (subject) өрісінде хабарламаның және (немесе) сұраудың тақырыбын;
9.1.3.2. мәтінінде сұрауды қарауға қажетті немесе хабарламаны түсінуге жеткілікті ақпаратты қамтуға тиіс. Тараптар өзге электрондық мекенжайлардан немесе жоғарыда сипатталған нысандардан өзгеше түрде жіберілген хаттар қаралмауы мүмкін деп келісті.
9.2. Сатушы өз қалауы бойынша Оферта-шартты, соның ішінде Тауарды сату талаптары мен тәртібін, санын және (немесе) жинақтылығын, құнын өзгертуге және (немесе) толықтыруға құқылы. Бұл ретте:
9.2.1. Сатып алушыға өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы олар күшіне енгенге дейін кемінде 3 (үш) күнтізбелік күн бұрын кез келген жалпыға қолжетімді тәсілмен, мысалы Сайтта ақпарат орналастыру және (немесе) электрондық пошта арқылы хабарлама жіберу және т.б. арқылы хабарланады. Сатып алушы келіспесе, олар күшіне енгенге дейін Сатушыға жазбаша хабарлауға және (немесе) Тапсырыс ресімдеуді тоқтатуға міндетті. Мұндай жазбаша хабарлама болмауы Сатып алушының Сатушы ұсынған өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға келісімі деп есептеледі. Оферта-шарт Сатушы хабарламасында көрсетілген сәттен бастап және соның негізінде, қосымша келісімдерге қол қойылмай өзгертілген және (немесе) толықтырылған болып есептеледі;
9.2.2. Сатып алушы Оферта-шартта белгіленген тәртіппен Акцепт жасаған кездегі талаптарды сақтау және қайта шығару мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін Сатушы Оферта-шарт мәтінін жүктеп алуға мүмкіндік береді (мәтіннің төменгі жағындағы «жүктеп алу» түймесі арқылы);
9.2.3. Оферта-шарттың қолданыстағы редакциясы Сайтта орналастырылады.

10. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
10.1. Оферта-шарт және оны орындауға байланысты туындайтын барлық құқықтық қатынастар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі және түсіндіріледі.
10.2. Шартқа қол қойылғаннан кейін оған қандай да бір түрде қатысты мәселелер жөніндегі барлық алдын ала келіссөздер, хат алмасу, алдын ала шарттар және ниет хаттамалары заңдық күшін жоғалтады.
10.3. Оферта-шарт Сатып алушы оған қосылған сәттен, яғни белгіленген тәртіппен Акцепт жасаған кезде күшіне енеді және Тараптар қабылдаған міндеттемелерін толық орындағанға дейін қолданылады.